АӘК бойынша сұрақ-жауап

Атаулы әлеуметтік көмекті  алуға кім құқылы?

Отбасының жиынтық табысы кедейлік шегінен аспаған жағдайда (2021 жылдың 1 тоқсанында бекітілген кедейлік шегінің мөлшері 21699 тг) атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдіруге болады.

        Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған жағдайда 1-6 жас аралығындағы балаларына жасына қарай кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етіледі (азық-түлік себетінен және химиялық тауармен).

Атаулы әлеуметтік көмекті  алу үшін

өтінішпен қайда қайырылуға болады?

«Атаулы әлеуметтік көмекке» мұқтаж азаматтар құжаттарын Халықты жұмыспен қамту орталығына (мекенжайы Желтоқсан көшесі 78 үй) немесе «электрондық үкімет» порталында «онлайн» режимінде атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдіруге болады.

 АӘК алу үшін қандай құжат тапсыруға болады?

         АӘК-ке мұқтаж азамат Орталыққа өтінішімен және жеке куәлігімен қайырылуға болады. Орталық өтініш берушінің қатысуымен   «электрондық үкімет» шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік органдардың және ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен сұрау салу арқылы  қалыптастырылады.

                          АӘК-тің қандай түрлері бар?

        Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын адамға немесе отбасыға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде беріледі.

        Шартты ақшалай көмек   отбасында еңбекке қабілетті табысы аз адамдарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және (немесе) қажет болған кезде әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысқан жағдайда көрсетіледі.

        Шартсыз ақшалай көмек жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу мүмкіндіктері шектеулі табысы аз адамдарға (отбасыларға) көрсетіледі.

               АӘК қалай төленеді және оның төлеу мерзімі?

 Атаулы әлеуметтік көмек төлеуді уәкілетті орган атаулы әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымның банктік шоттарына аудару жолымен жүргізеді.  

Атаулы әлеуметтік көмекті төлеу ай сайын атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылданған айдан кейінгі айдың 10-күніне қарай жүзеге асырылады.

                      АӘК-тің мөлшері қалай анықталады?

          Отбасының әрбір мүшесіне АӘК мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі мен кедейлік шегінің  арасындағы айырма ретінде анықталады.

Әлеуметтік келісімшарт міндеттемелерін орындамаған азамат

АӘК-ке жүгіне ала ма?

АӘК-ке өтініш берген отбасының еңбекке қабілетті мүшесі, яғни  әлеуметтік келісім шартқа отырған адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартқан жағдайда, отбасы  атаулы әлеуметтік көмекке 6 ай ішінде жүгіне алмайды.